Семейдегі мейрамхана дауы: полиция мекеме жұмысын тоқтатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жыл басынан бері мекеме ішінде 15 құқық бұзушылық туралы хабарлама тіркелген

Фото: ІІМ

Әлеуметтік желілерде Семейдегі мейрамханалардың бірінің қызметкерлері 28 тамызда заңсыз негізде мекеме жұмысы тоқтатылды деген шағым түсірді. Мекеме әкімшілігі лауазымды тұлғалардың әрекетін тексеруді өтінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облыстық Полиция департаменті Instagram парақшасында бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме беріп, мейрамхана жұмысының тоқтатылмағанын хабарлады.

«Бұзақылық дерегі бойынша Семей қаласы прокуратурасының үйлестіруімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тергеу әрекеттерін жүргізу және оқиға орнын сақтау үшін тек оқиға болған аумаққа өтуге уақытша шектеу қойды», — деп мәлімдеді Абай облыстық ДП.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, 22 тамызда таңғы сағат 04:00 шамасында мекеменің би алаңында белгісіз ер адам Астананың 37 жастағы тұрғынының бетінен себепсіз соққы берген.

«Соққыдан соң ер адам жерге құлап, ұзақ уақыт бойы ес-түссіз жатқан. Оған көмекті маңындағы келушілер көрсеткен. Осы ретте мекеме әкімшілігі полиция мен жедел медициналық жәрдем қызметін өз уақытында шақырмаған», — деп атап өтті құқық қорғау органдары.

Сонымен қатар, ведомство бұл мекеменің соңғы келушіге дейін жұмыс істейтінін, ал ғимарат ішінде тұрақты лицензияланған күзеттің жоқтығын айтты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әкімшілік қабылдаған шаралар қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, сондықтан клуб маңына қосымша наряд қойылған.

Жыл басынан бері мекеме ішінде 15 құқық бұзушылық туралы хабарлама тіркелген. Бұзақылық пен топтық төбелестің екі дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция өкілдері ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 11 және 24-баптарына сәйкес көңіл көтеру орындарының иелері келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін ескертті. Мекемеде жанжалдардың алдын алатын білікті күзет болуы, ал оқиға болған жағдайда полиция мен жедел жәрдем дереу шақырылуы тиіс.

Тегтер: