БҚО-да ер адам туысын 15 жерден пышақтап, мәйітін үйінің артына көміп тастаған
Ол жәбірленушінің басынан, жақ сүйегінен және қабырғасынан жұдырығымен және шынтағымен ұрған
БҚО тұрғыны туысымен бірге ішімдік ішіп отырып, соңында оны аяусыз пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жәнібек ауданының тұрғынына қатысты іс қаралып жатыр. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісіне сәйкес, қайғылы оқиға алкоголь ішіп отырған кезде болған. Ер адам мен оның туысының арасында жанжал туындаған. Нәтижесінде, ер адам үстел үстіндегі асүй пышағын алып, туысының кемінде 15 жерінен сұғып алған. Оның екеуін мойын тұсына, біреуін бетіне, тағы 12-сін кеуде және іш тұсына сұққан. Сонымен қатар ол жәбірленушінің басынан, жақ сүйегінен және қабырғасынан жұдырығымен және шынтағымен ұрған.
Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған. Қылмысын жасыру үшін айыпталушы мәйітті үйінің артына апарып, қоқыс шұңқырына көміп тастаған.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Асхат Тілеулиев қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанына назар аударды. Ол жарақаттардың сипаты мен орналасуына, яғни соққылардың өмірлік маңызы бар ағзаларға жасалғанына, сондай-ақ кейін мәйітті жасырмақ болғанына тоқталды.
Сот талқылауы жалғасып жатыр. Заңға сәйкес, сотталушының кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.