«2017 жылы үйдің жағдайы жақсы деп бағаланған»: Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта бұрынғы басқарушы куәлік етті

Ол 2016-2019 жылдары кондоминиум нысанының сенімді өкілі болып, кейін қасбеті құлаған үйді әкімдік бағдарламасы аясында техникалық тексеруден өткізгенін айтты

«2017 жылы үйдің жағдайы жақсы деп бағаланған»: Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта бұрынғы басқарушы куәлік етті
Фото: Сот отырысынан скриншот

Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот отырысында 2016 жылы кондоминиум нысанының сенімді өкілі болған «Табыс» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Гүлсім Ақшалова куәлік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, ол аудан әкімімен кездесулерге қатысып, сол жерде тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы лифтіні, шатырды және кіреберістерді жөндеуге болатынын білген. Алайда лифтіні ауыстыру үшін оның пайдалану мерзімі 30 жылға жетуі керек екені айтылған. Бұдан бөлек, жөндеу жүргізілмес бұрын үйдің техникалық жағдайын тексеру қажет болған.

Ақшалованың сөзінше, үй бағдарлама аясында тексерілгенімен, тексеру нәтижесінде ғимараттың жағдайы күрделі деп бағаланбаған.  

«Үйді бағдарлама бойынша тексерген кезде жағдайы жақсы деп бағаланды. Ақау көрсеткіші 31 пайыз болды. Осыған байланысты үйдің жағдайы күрделі емес, салыстырмалы түрде жаңа деген негізбен жөнделмеді», – деді Гүлсім Ақшалова.

Кейін үй тұрғындардың жинаған қаражаты есебінен жөнделген. Куәгер 2017 жылы үйді басқарудан кететінін тұрғындарға алдын ала хабарлағанын айтты. Ол жаңа басқарушы келгенге дейін үйді қарап, бақылап жүрген. 

«2019 жылы келесі басқарушыға барлық құжатты тапсырдым. Ол кезде көзге көрінетін қандай да бір елеулі дүниелер болған жоқ. Ал 2016 жылға дейін үйді басқарған адамдар бізге өздерінде болған құжаттарды тапсырмаған еді», – деді куәгер.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің қасбеті кондиционермен бірге опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шегіп, жедел жәрдем шақыртуымен барған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан.