Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі саудада жүр – статистика

Автор: Асыл Арман

Білім беру саласында өсім 31,1 мың адамды, денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамды құрады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылдың II тоқсанында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 7,3 млн адам жалдамалы жұмыс істесе, тағы 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың ең көп бөлігі сауда саласында еңбек етеді – олардың үлесі жалпы жұмыс істейтіндердің 16,8%-ын құрады. Білім беру саласында – 13,3%, өнеркәсіпте – 12,4%, ауыл шаруашылығында – 10,5% адам.

Көлік және қоймалау саласына жұмыспен қамтылғандардың 7,1%-ы, құрылыс саласына – 6,8%-ы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 6,6%-ы тиесілі.

2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны ең көп өскен сала – жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар. Бұл бағытта жұмыс істейтіндер саны 37 мың адамға артқан. Білім беру саласында өсім 31,1 мың адамды, денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамды құрады.

Сонымен қатар өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейтіндер саны 15,1 мың адамға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 7,7 мың адамға, қаржы және сақтандыру қызметінде 7,4 мың адамға көбейді.