«Өлтіре ме деп қорқамын»: Алматыда бойжеткен экс-сүйіктісінен көрген азабын айтып, жанұшыра көмек сұрады

Оның айтуынша, ер адаммен қарым-қатынасын үзуге тырысқанмен, ол әлі күнге дейін тыныштық бермей келеді

«Өлтіре ме деп қорқамын»: Алматыда бойжеткен экс-сүйіктісінен көрген азабын айтып, жанұшыра көмек сұрады
Фото: Instagram/rufelia_/Видеодан скрин

Алматыда бойжеткен экс-сүйіктісі қыр-соңынан аңдып, тыныштық бермей жүргенін, бүгінге дейін бірнеше мәрте соққыға жыққанын айтып, жұрттан жанұшыра көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, ер адаммен қарым-қатынасын үзуге тырысқанмен, ол әлі күнге дейін тыныштық бермей келеді.

«Бұрынғы сүйіктім маған осымен төртінші рет шабуыл жасады. Ендігі соққысының соңы өліммен аяқтала ма деп қорқамын. Мені талай рет қорқытты. Жақында әпкеме мені өлтіремін деп жазыпты. Онымен арамыздағы қарым-қатынасты бейбіт жолмен үзуді тырыспақ болғаныммен, ешнәрсе шығар емес», – дейді бойжеткен.

Ол осыдан кейін экс-сүйіктісінің жіберген аудио-хабарламаларын жариялап, жұрттың жағасын ұстатты. Аудиоға мән берсек, ер адамның әрбір екінші сөзі боғауыз сөздермен жалғасады.

Сол сияқты бойжеткен өзінің осыған дейін соққыға жығылған сәттерінің бірінің видеосын жариялады. Айтуынша, алғашқы екі рет соққыға жыққанында науқас әкесін ойлағандықтан арыз жазбағанын айтты. Ал үшінші рет қол көтергенінде ауыр соққы алғанын, онда басынан теуіп, асфальтқа ұрғанын жеткізді.

Агенттік тілшісі оқиғаға қатысты Алматы қаласының Полиция департаменті сауал жолдады. Ведомство мәліметінше, осы факті бойынша әйел осы жылдың шілде айында Медеу аудандық полиция басқармасына жүгінген.

«Дене жарақатын салу фактісі бойынша дереу қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу материалдарымен бірге сотқа жолданды», – делінген ПД хабарламасында.