Талғарда тағы да жантүршігерлік қылмыс: нан сатып тұрған ер адамды пышақтап өлтіріп кетті

Екі ер адамның арасында жанжал шығып, біреуі екіншісін өлтіріп кетті

Талғарда тағы да жантүршігерлік қылмыс: нан сатып тұрған ер адамды пышақтап өлтіріп кетті
Фото: freepik.com

Алматы облысына қарасты Талғар ауданының Ақтас ауылында тандыр нан сатып тұрған ер адамды пышақтап өлтіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 56 жастағы күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ол өз кінәсін мойындап, жауап берді. Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленуші мен күдікті арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал барысында күдікті ер адамға пышақпен екі рет жарақат салып, оқиға орнынан қашып кеткен», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізілуде.

Айта кетейік, қоғамды дүр сілкіндірген бозбала Шерзат Полатты да дәл осы Талғарда бір топ жігіт аяусыз соққыға жығып, өлтіріп кеткен.