Табиғи апаттардан қорғау: Қазақстанда тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жоспарланып отыр

Жыл сайынғы сақтандыру жарнасы шамамен 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады деп болжанып отыр

Табиғи апаттардан қорғау: Қазақстанда тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жоспарланып отыр
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Тиісті ұсыныстар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің сақтандыру нарығы өкілдері және сарапшылармен бірлесіп әзірлеген 2030 жылға дейінгі бағдарламаның жобасына енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа жүйе жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи сипаттағы орман өрттері болған жағдайда тұрғын үй иелеріне қаржылай қолдау көрсетуге тиіс. Қазір ірі табиғи апаттардан кейін үйлерді қалпына келтіру жұмысы негізінен бюджет қаражатынан немесе азаматтардың өз қаражатынан қаржыландырылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жүйені халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кезең-кезеңімен енгізу ұсынылып отыр.

«Халықаралық тәжірибені, оның ішінде Түркия, Испания және Франция елдерінің тәжірибесін ескере отырып, жүйені табиғи апаттар қаупі жоғары өңірлерде кезең-кезеңімен енгізу ұсынылады. Алғашқы кезеңде ол үш өңірде пилоттық режимде іске қосылып, кейін елдің 16 өңіріне таратылады», – деп хабарлады агенттік.

Жыл сайынғы сақтандыру жарнасы шамамен 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады деп болжанып отыр. Оның мөлшері нақты өңірдегі табиғи қауіп деңгейіне байланысты белгіленеді.

Сақтандыру жағдайы туындаған кезде төлем төленген жарнаның 500 еселенген мөлшерін құрайды. Сақтандыру жағдайы расталғаннан кейін төлемді бес күн ішінде алу жоспарланып отыр.

Бастапқы кезеңде төлемдер зардап шеккен азаматтардың шұғыл шығындарын өтеуге бағытталады. Кейін қаражат жинақталған сайын төлем көлемін бүлінген тұрғын үйді қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға жеткілікті деңгейге дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылады.

Жүйенің жұмыс істеуі үшін Міндетті тұрғын үйді сақтандыру қоры құрылады. Қор сақтандыру жарналарын жинақтап, резервтер қалыптастырады, төлемдерді ұйымдастырады және апаттық тәуекелдерді қайта сақтандырумен айналысады.

Сонымен қатар барлық ерікті жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарттарына табиғи апаттардан қорғауды енгізу ұсынылып отыр. Бұл жағдайда ерікті сақтандыру полисінің иесі өз сақтандыру компаниясынан өтемақы алумен қатар, қордан да белгіленген мөлшерде қосымша төлем ала алады.

Сондай-ақ үш жылдық өтпелі кезең қарастырылған. Осы уақыт ішінде қор акционерлік капитал мен қайта сақтандыру сыйақылары есебінен қаражат жинақтайды. Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін тұрғын үй иелері жыл сайын міндетті сақтандыру жарналарын төлей бастайды.

Агенттік өкілдерінің пікірінше, реформа тұрғын үйді қаржылай қорғаудың тұрақты жүйесін құруға, зардап шеккендерге көмекті жеделдетуге және табиғи апаттардың салдарын жою кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда мүлікті залалдан сақтандыру қызметін 14 сақтандыру компаниясы жүзеге асырады. Олар жыл басынан бері 190 млрд теңге сақтандыру сыйақысын жинаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп. Ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 50 млрд теңгені құрап, 4%-ға төмендеген.