Қазақстанда есірткі қылмысы өршіп тұр: жеті айда 17 жасырын зертхана мен 865 келі синтетика табылды

Қазақстанда жыл басынан бері 4,5 мың есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды

Қазақстанда есірткі қылмысы өршіп тұр: жеті айда 17 жасырын зертхана мен 865 келі синтетика табылды
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жалғасып жатыр. 2026 жылдың жеті айында құқық қорғау органдары есірткіге қатысты 4,5 мың құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Осы кезеңде полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын цехтың жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылып, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 9 жетекшісі мен 41 мүшесі ұсталды.

Заңсыз айналымнан барлығы 865 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ мәліметінше, бұл – заңсыз айналымға түспеген миллиондаған ықтимал доза.

Полиция жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Жасөспірімдердің есірткі ортасына тартылуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Кәмелетке толмаған 55 бала ұсталды, оның 32-сі есірткі сатуға қатысы бар. Алдын алу жұмысына жауапты субъектілер 14 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіп, оған екі миллионнан астам жасөспірім мен жасты қамтыды. Ақпараттық кеңістіктегі жұмыс та күшейтілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы бағыттағы 24 мыңға жуық түрлі материал жарияланды», – деп хабарлады ІІМ.

Құқық қорғау органдары есірткі бизнесінің қаржылық инфрақұрылымына да тосқауыл қойып отыр. Қазақстанда жалпы сомасы 258 млн теңгеге жуық 10 мың банк картасы мен шотына шектеу қойылды. Бұдан бөлек, көлеңкелі қаржы схемаларында пайдаланылған 215 мың шетелдік шот бойынша транзакцияларға шектеу енгізілді.

Ақпараттық кеңістікте есірткі таратумен байланысты 8,5 мың сайт бұғатталды.