Жұмысқа жалған есіммен кірген: Ақмола облысында ер адам басшысының телефонын ұрлап, 2 млн аударып алған

Автор: Асыл Арман

Оқиға 22 тамыз күні болды

Фото: istockphoto.com

Целиноград аудандық полиция бөлімінде банк қосымшасы арқылы ірі көлемдегі ақша қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысының ПД-ға сілтеме жасап.

Тергеу барысында анықталғандай, биыл мамыр айында аудан тұрғыны Қараөткел ауылында жеке үйдің құрылысын бастаған. Жұмысшылар іздеу барысында ол құрылыс және жөндеу жұмысын жүргізуге келіскен ер адаммен танысқан. Күдікті бірнеше ай бойы нысанда жұмыс істеген.

22 тамыз күні таңертең жәбірленуші ұялы телефонының жоғалғанын байқаған. Банктік қосымшасын тексеру кезінде шотынан жалпы сомасы 2 млн теңгені құрайтын бірнеше аударым жасалғанын анықтаған.

Ақша қаражатын алған адам оның жұмысшысы болып шыққан. Алайда кейін белгілі болғандай, ол танысқан кезде өзін басқа адамның атымен таныстырған.

Шот иесі болған жағдай туралы дереу полицияға хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізген полицейлер күдіктінің жеке басын қысқа мерзім ішінде анықтады.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті жедел және тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.