Ол бойынша мемлекеттік комиссия құрылған
Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігін арттыру үшін жаңа генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосу жалғасады. Алматыдағы электр желілерінде болған апаттың салдарын жою шаралары туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов 14 тамызда Алматы мен Жетісу облысында жарықтың өшуіне қатысты тексерістің нәтижесін сұрады.
«Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, бірінші кезекте министрлік жаңа генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосуды жалғастырады. Олардың қатарында Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, сондай-ақ Түркістан облысындағы қуаты 1000 мегаватт болатын жаңа бу-газ қондырғысы бар», - деді Ақкенженов үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, оңтүстік өңірлерді электрмен жабдықтау және электр желілерінің сенімділігін арттыру үшін жаңа электр беру желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Оңтүстік өңірлерде электрмен жабдықтаудың және желілердің сенімділігін арттыру үшін Шымкент – Жамбыл – Шу бағыты бойынша кернеуі 500 кВ болатын электр беру желісінің құрылысы жалғасуда. Аяқталу мерзімі 2027 жылдың екінші тоқсаны, қазіргі уақытта жұмыстың орындалуы шамамен 50%-ды құрайды», - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ апаттан кейін берілген тапсырмаға сәйкес мемлекеттік комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия бірнеше күннен кейін қосымша ұйымдастырушылық шараларды ұсынады деп сендірді Энергетика министрлігінің басшысы.
Еске сала кетейік, 20 тамыз күні кешке Алматының Алмалы және Жетісу аудандарында электр энергиясы апатты түрде өшіп қалған болатын. 14 тамызда Алматыда өтетін әлемдік жұлдыз Канье Уэстің концерті келесі күнге шегерілген еді.