Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасады

Оқиға Риддер қаласы маңындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болды

Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасады
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасады. Оқиға салдарынан омартада жұмыс істейтін 58 жастағы ер адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға шілде айының соңында Риддер қаласы маңындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болған. Зардап шеккен ер адаммен бірге болған екі азамат оған жыртқыштан қорғануға көмектескен. Осыдан кейін аю қашып кеткен. Ер адамның өмірін сақтап қалуға осы жағдай себеп болған.

Алайда ер адам бірнеше күн жансақтау бөлімінде, кейін травматология бөлімінде емделген. Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, науқастың басы, қолы мен аяғында көптеген жарақат болған. Оның ішінде қолы мен аяғының ығысумен асқынған ашық сынықтары бар.

19 тамызда науқас ауруханадан шығарылды. Қазір ол үйінде ем қабылдап жатыр.

«Оқиғадан кейін инспекторларымыз қару асынып, оқиға орнына барды. Аюдың көзі жойылды, қазір ол жерде қауіп жоқ. Аюдың адамға шабуыл жасауына нақты не себеп болғанын айта алмаймын», – деді орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманников.

Оның айтуынша, биыл тұрғындардан аюларға қатысты шағым өте көп түскен. Мамандар оқиға орнына барып, аюларды үркітеді. Адам өміріне нақты қауіп төнген жағдайда ғана оларды атуға тура келеді.

«Малға шабуыл жасаған жағдайлар болды, адамдар аюға өте жақын жерде кездесіп қалған кездер де бар. Бірақ менің тәжірибемде бұл – аюдың адамға жасаған алғашқы шабуылы. Жедел әрекет ету жасағында үш жылдан бері, ал орман шаруашылығы саласында 20 жылға жуық жұмыс істеп келемін, мұндай жағдайды бұрын кездестірмеген едім», – деді Сергей Карманников.

Оның сөзінше, ШҚО-да аюлардың саны көбейіп кеткен. Өткен жылы инспекторлар ұрғашы аюлардың көп төлдегенін байқаған. Әрқайсысы екі-үш қонжықтан туған.

Алайда өткен және биылғы жылдары ормандағы табиғи өнім азайған. Аяз бен қуаңшылық салдарынан орманда жидек пен балқарағай жаңғағы іс жүзінде жоқ. Мамандардың пайымынша, аюлардың адамдар тұратын жерлерге жақындауына осы жағдай себеп болуы мүмкін. Жыртқыштар қорек іздеп қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға шығып жүр.

Мақалада
#ШҚО #қоңыр аю