Қазақстан – нағыз дарынды жастардың елі – Тоқаев

Ол дарынды жастарға ризашылығын жеткізді

Қазақстан – нағыз дарынды жастардың елі – Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.

Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.

«Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбек, үздіксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің бағасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті.

«Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүргізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін, ең алдымен, қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты маман боласыздар. Жаңа технологияларды ойлап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің дамуына ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы оқушылардың жетістіктерін атап өтті.

«Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мұны тамаша жетістік деуге болады. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанына назар аударды.

«Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.