Ақмола облысының тұрғыны Грузиядан көлік аламын деп жинаған ақшасынан айырылып қалды

Автор: Асыл Арман

Ол көлік аламын деп алаяқтарға ұрынып қалды

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының тұрғынына Грузиядан Toyota Highlander көлігін әкеліп беремін деп уәде берген азамат одан 3,1 млн теңге алған. Алайда көлік сол қалпы жеткізілмеген, ақшасы да қайтарылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Астрахан ауданында алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ауылдардың бірінде тұратын ер адам алаяқтың құрбаны болған.

Полиция анықтағандай, 2024 жылғы қазанда оның ауылдасы ер адамға Грузиядан Toyota Highlander автокөлігін әкеліп беруге көмектесетінін айтқан. Танысына сенген азамат оған 3,1 млн теңге берген.

Алайда уәде етілген көлік сатып алынбаған. Ал ақшасын ер адам қайтара алмаған.

Жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.