Қазақстан Халық партиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын мойындайды – Шоқанов
Партия сайлау қорытындысын объективті деп танып, басқа саяси күштермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтай депутаттарын сайлаудан кейін қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сайлаушыларға дауыс беруге қатысқаны үшін алғыс айтып, партия сайлау қорытындысын объективті деп мойындайтынын мәлімдеді.
«Бүгін елімізде маңызды оқиға – Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет өтіп отыр», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Оның айтуынша, жаңа Құрылтайдың жасақталуымен ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі басталады.
«Бұл сайлау – қатардағы оқиға емес. Жаңа Құрылтайдың жасақталуымен Президент бастамашы болған ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі басталады», – деп атап өтті партия төрағасы.
Шоқанов сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысқан қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысқан әрбір азаматқа алғыс айтқым келеді. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз, елдің болашағына бейжай қарамауларыңыз – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші», – деді ол.
ҚХП төрағасы партияға дауыс берген сайлаушыларға да арнайы алғыс білдірді.
«Қазақстан Халық партиясына дауыс берген әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдын ала экзитпол нәтижелері бойынша бізге сайлаушылардың кемінде 3%-ы дауыс берді, бірақ бұл әлі түпкілікті көрсеткіш емес. Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік әрі алдымызға қойылған міндет деп қабылдаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Шоқанов.
Ол өткен сайлау науқанының ерекшеліктеріне де тоқталды.
«Біз белсенді әрі сапалық тұрғыдан жаңа сайлау науқанынан өттік. Партиялар бірден төрт республикалық телеарнаның тікелей эфирінде бетпе-бет кездесті. Миллиондаған қазақстандық жанды, өңделмеген пікірталасты көріп, тараптардың нақты ұстанымдарын естіді», – деп атап өтті ҚХП төрағасы.
Шоқанов сайлау науқанының барысын халықаралық және қазақстандық байқаушылар бақылағанын еске салды.
«Сайлау науқаны кезінде жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істеді. Бұл сайлау үдерісінің ашықтығын көрсетеді», – делінген үндеуде.
Партияның алдағы жұмысына тоқталған Шоқанов елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын мәлімдеді.
«Президент жүргізіп жатқан реформалар партиямыздың идеологиясымен үндеседі және біз оларды жүзеге асыруда сенімді серіктес болуды өз міндетіміз деп білеміз», – деді ол.
ҚХП төрағасының айтуынша, Құрылтай жұмысының басталуы саяси өзгерістердің келесі кезеңіне жол ашады.
«Құрылтай жұмысымен бірге еліміздің жаңарған саяси институттарын қалыптастыру басталады. Сайлау қорытындысынан барлық қазақстандық пен бүкіл ел ұтады», – деді Шоқанов.
Ол сайлау науқанына қатысушыларға да алғыс айтты.
«Барлық кандидат пен партияға бәсекелі әрі мазмұнды науқан үшін алғыс айтамын. Бұл – саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі», – деп атап өтті партия төрағасы.
Сөз соңында Шоқанов Қазақстан Халық партиясы дауыс беру қорытындысын объективті деп мойындайтынын және басқа саяси күштердің өкілдерімен сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс беру қорытындысын объективті деп мойындайды және басты мақсат – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқаты, Әділетті Қазақстанның сенімді дамуы мен тұрақтылығы жолында басқа партиялардағы әріптестерімізбен сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді!» – деді ҚХП төрағасы.