Қазақстандық дзюдошы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын алды
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші алтыны
Қазақстандық дзюдошы Әділжан Жаудинов Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол 90 келіден жоғары салмақта топ жарды. Финалда қазақстандық спортшы ресейлік Абдулманаф Рамазановты жеңді.
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші алтыны. Бұған дейін Ғабит Расулхан 60 келіге дейінгі, Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған.
Қазақстан құрамасының қоржынында бұдан бөлек үш күміс және төрт қола медаль бар.
Күміс жүлдені Әдия Жанахмет (40 келіге дейін), Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін) және Інжу Жұмажан (57 келіге дейін) иеленді.
Ал Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін) және Еркен Бекәлі (73 келіге дейін) қола медальға қол жеткізді.