Қазақстандағы ең қарт адам 116 жасында Құрылтай сайлауында дауыс берді
Ол – Ұлытау облысының тұрғыны
Ұлытау облысында Қызылжар ауылының тұрғыны, 116 жастағы Түймегүл Темірбаева Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1910 жылы дүниеге келген Түймегүл апа Қазақстандағы ең қарт тұрғындардың бірі. Ол ғұмыр бойы жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы бағып, еңбек еткен. Бүгінде 15 немере мен 25 шөберенің сүйікті әжесі.
Ұзақ ғұмырдың сырын адал еңбек пен жақсы ниеттен көретін кейуана әлі де үй шаруасына араласып, құрт жасап, қолынан келген шаруаны атқарады.
Дауыс беру кезінде Түймегүл апа елге ақ тілегін арнады.
«Ұрпағымыз аман-сау болсын, елімізде бейбітшілік болсын! Еліміздің болашағы жарқын болсын!», – деді Түймегүл Темірбаева.
Айта кетейік, ұзақ жасаған кейуана бұған дейін де қоғамдық маңызы бар науқандарға қатысқан. 2026 жылғы республикалық референдум кезінде арнайы жылжымалы жәшік арқылы дауыс берген.