Ауыл мектебінен Стэнфордқа дейін: Ақтөбелік түлек АҚШ университетіне түсті
Мектеп түлегінің бұл жетістігі бірнеше жылдық жүйелі дайындықтың нәтижесі
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназияның түлегі Аружан Алдажарова АҚШ-тағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Стэнфорд университетіне оқуға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аружанның айтуынша, ол Стэнфордқа осы нәтижелерімен құжат тапсырған. Университетке қабылданғаны туралы жаңалықты наурыздың соңы – сәуірдің басында алған.
«Мен Стэнфордқа SAT-тан 1590, IELTS-тен 8,0 нәтижесімен құжат тапсырдым. АҚШ университеттеріне түсу кезінде ҰБТ нәтижесі есепке алынбайды. Сондықтан оқу орындарының талаптарына сәйкес халықаралық стандартталған тестілерді тапсырдым. Университеттер әдетте қабылдау туралы шешімді наурыздың соңы мен сәуірдің басында шығарады. Сол кезде Стэнфордқа оқуға түскенімді білдім», – деді Аружан Алдажарова.
Мектеп түлегінің бұл жетістігі – бірнеше жылдық жүйелі дайындықтың нәтижесі. Аружан республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанса, облыстық пән олимпиадасында екі рет жүлдегер болған. Сонымен қатар ол – «Алтын белгі» иегері. Ол халықаралық FLEX (Future Leaders Exchange) білім беру бағдарламасының жартылай финалына да өткен. Мектеп қабырғасында жүріп экономика саласына қатысты авторлық жобалар әзірлеп, зерттеу және талдау дағдыларын дамытқан.
Аружанның жетістігіне оның аудандық мемлекеттік мектепте білім алғаны да ерекше мән береді. Ол жоғары оқу орнына түсуге қажетті дайындықты туған ауылындағы мектепте жүріп жасаған.
«Мен үшін Стэнфордқа түсу – бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі. Маған білім беріп, қолдау көрсеткен ұстаздарыма алғыс айтамын. Ең алдымен, туған немесе тұратын жерің сапалы білім алуға және үлкен мақсаттарға жетуге кедергі болмауы керек екенін өзіме дәлелдегім келді», – деді мектеп түлегі.