Елордада былтыр салынған жол қопарылып жатыр
Құбыр тартылған соң мұнда жаңа жол төселеді

Нұр-Сұлтан қаласында былтыр төселген асфальт бір жыл өтпей жылу құбырын тарту үшін қайта қопарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Бұл жерде құбыр жүретіні бірнеше жыл бұрын белгілі болған, яғни тиісті жобаны бекіткен. Енді міне, керісінше жасап жатыр. Екі рет шығын шығарғаннан не пайда?», - дейді елорда тұрғыны Даниал Оқасов.
Жаңбыр жаууына байланысты жұмыс уақытша тоқтатылды. Ал тұрғындар ешқандай қоршаудың жоқ екенін айтып, бала-шағаға алаңдайтындарын жеткізді. Ал «Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетикалық кешені және коммналдық шаруашылық басқармасы» ММ Жылумен жабдықтау бөлімінің басшысы Тимур Кенетаевтің айтуынша, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2019 жылы бұл жерге уақытша жол төсеген және жол көлік қатынасына арналған. Биыл жылу жұмыстарына бола жол алынды. Құбыр тартылған соң жаңа жол төселеді.