Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көмек беру, интернеттегі қауіптерден қорғану мәселелері көтерілді
Ақтөбеде өткен ЖСДП-ның Республикалық әйелдер форумында әйелдердің әлеуметтік және цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форум барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көмек беру, сондай-ақ интернеттегі қауіптерден қорғану мәселелері көтерілді.
ЖСДП Ақмола облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Ару Алшынбай партия бастамасымен жүзеге асырылып жатқан PANA жобасын таныстырды. Жоба әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетіп, әлеуметтік бейімделуіне қолдау беруге бағытталған.
Ал ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы Роза Жүсіпова кибералаяқтық, дербес деректердің таралуы және интернеттегі қудалау сияқты қауіптерге тоқталды.
«Бүгінде цифрлық сауаттылық қосымша дағды емес, қауіпсіздік мәселесіне айналды. Әйел өз дербес деректерін, қаржысын және интернеттегі құқықтарын қалай қорғауға болатынын білуі тиіс», – деді Роза Жүсіпова.
Сонымен қатар форумда ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жүйелі түрде қолдау және қоғамдағы инклюзия мәселелері талқыланды.