ЖСДП әйелдердің ақы төленбейтін еңбегін есепке алу мәселесін көтерді
Партия елдегі әлеуметтік және экономикалық саясатта мұндай еңбектің нақты құндылығын ескеру қажет екенін атап өтті
Ақтөбеде ЖСДП ұйымдастырған Республикалық әйелдер форумында әйелдердің ақы төленбейтін еңбегін экономикалық тұрғыдан бағалау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форум барысында бала тәрбиесі, қарт туыстарына күтім жасау және үй шаруасын жүргізу секілді әйелдердің күнделікті еңбегі талқыланды. ЖСДП елдегі әлеуметтік және экономикалық саясатта мұндай еңбектің нақты құндылығын ескеру қажет екенін атап өтті.
ЖСДП елордалық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Раушан Әубәкірова әйелдердің үйдегі еңбегі отбасының ғана емес, жалпы экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне әсер ететінін айтты.
«Әйел бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысып, қарт ата-анасына қамқорлық жасап, бүкіл отбасын қолдап отырғанда, бұл еңбекті өзінен-өзі түсінікті нәрсе ретінде қабылдау қалыптасқан. Алайда күнделікті атқарылатын осы еңбек болмаса, отбасының да, экономиканың да қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес», – деді ол.
Форумға Парламент өкілдері, сарапшылар, ҮЕҰ, бизнес және азаматтық сектор өкілдері қатысты. Қатысушылар әйелдердің әлеуметтік және экономикалық құқықтарын кеңейту мәселелерін талқылады.