Ресейде ауруханадан емделіп шыққан 11 жастағы қыз баладан ВИЧ анықталды
Болжам бойынша, қыз ішек инфекциясымен жұқпалы аурулар бөлімінде емделіп жатқан кезде АИТВ жұқтырған
Ресейдің Азов қаласында ішек инфекциясынан емделген 11 жастағы оқушыдан АИТВ анықталды. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық іс Ресей Қылмыстық кодексінің 122-бабы 4-бөлігі («АИТВ инфекциясын жұқтыру») бойынша қозғалған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Басылымның хабарлауынша, Ростов облысының денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылғы сәуірде балаға медициналық көмек көрсетілуіне байланысты Азов қалалық орталық ауруханасында жоспардан тыс тексеру жүргізген. Ведомство өкілдері оқушының қажетті медициналық көмек пен қолдауды алып жатқанын мәлімдеді.
Азов қаласының 11 жастағы оқушысына АИТВ инфекциясының үшінші сатысы және созылмалы С гепатиті диагнозы қойылған. Болжам бойынша, қыз ішек инфекциясымен жұқпалы аурулар бөлімінде емделіп жатқан кезде АИТВ жұқтырған.
Жүргізілген зерттеу нәтижесінде қыздан анықталған вирустың генетикалық тұрғыдан онымен бір палатада жатқан әйелден табылған вируспен сәйкес келетіні белгілі болған. Бұл жағдай зардап шеккен баланың анасын есеңгіретіп тастаған.