ШҚО-да 35 адам қос азаматтығы үшін жауапқа тартылды
ШҚО-да жыл басынан бері 550-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған. Сонымен қатар кейбір азаматтар елге кіру және Қазақстан аумағында тұру кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында қазақстандық құжаттарды пайдаланған.
Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9 азамат Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланып келген.
«Осындай фактілердің бірі көші-қон қызметімен облыс орталығының 64 жастағы тұрғынынан анықталды. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уақытылы хабарламаған және Қазақстан Республикасының құжаттарымен жүре берген. Тексеру барысында әйелдің құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді. Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейтінін ескертеді. Басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне уақытында хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет», – делінген ПД хабарламасында.