Кездесуде ата-аналар күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін айтып, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді
Қостанай облыстық ЖСДП филиалында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен қамқоршылар, сондай-ақ осы бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде ата-аналар күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін айтып, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, қамқоршыларға еңбекке жарамсыздық парағын беру, қамқоршы мәртебесін нақтылау және ерекше қажеттілігі бар балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Қатысушылар әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруға және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін әлеуметтік-инклюзивті жұмыс орындарын ашуға да назар аударды. Сонымен қатар әрекет қабілеті жоқ азаматтардың қамқоршыларының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін Әлеуметтік кодексте нақты бекіту қажеттігі айтылды.
Жиын барысында ата-аналарға бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, тұрақты әрі нақты қолдау тетіктерін қалыптастыру қажеттігі сөз болды. Қатысушылар әлеуметтік мәселелерді шешуде отбасылардың нақты қажеттіліктерін ескерудің маңызын атап өтті.
Кездесуге Қостанай облыстық филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Дамир Жақанов қатысты. Ол ата-аналар мен қамқоршылардың ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелерді зерделеу және олар бойынша бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.