Осыған байланысты Оралда қоғамдық көліктерге аутизмі бар балалар туралы ақпараттық плакаттар ілінді
Орал қаласының қоғамдық көліктеріне аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларға түсіністікпен қарауға шақыратын ақпараттық плакаттар орналастырылды. Акцияны Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен бірлесіп ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Плакаттарда аутизмі бар баланың әдеттен тыс мінез-құлқы тәрбиенің жоқтығынан емес, оның даму ерекшелігіне байланысты екені түсіндіріледі. Қала тұрғындарына мұндай балаларды сөкпеуге, қоғамдық көлікте орын беруге және баламен бірге жүрген ересек адамға қажет жағдайда көмектесуге шақыру айтылған.
«Аба балама» түзету-дамыту орталығының өкілі Мейрамбек Жексеновтің айтуынша, даму ерекшеліктері бар балаларға тек емдеу мен түзету жұмыстары ғана емес, қоғамға бейімделуге, қажетті дағдыларды қалыптастыруға және өздігінен әрекет етуге мүмкіндік беретін орта да қажет.
Аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балалардың ата-аналары қоғамдық көлік пен таксиде жүргенде, сондай-ақ емханалар мен басқа да қоғамдық орындарға барған кезде айналасындағылардың түсініспеушілігіне жиі тап болатынын айтты.
ЖСДП өкілдерінің мәліметінше, акцияның мақсаты – Орал тұрғындарына аутизм ерекшеліктері туралы ақпарат беру және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғам тарапынан түсіністікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.