Ол туралы жақындары мен экс-депутаттың өзі видеоүндеуде мәлімдеді
Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апатынан зардап шеккен Нұржігіттің жақындары оның қазіргі жағдайы туралы мәлімдеме жасады. Туыстарының айтуынша, Нұржігіттің жағдайы қанағаттанарлық, қазір дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр. Олар Бақытжан Базарбектің осы уақытқа дейін отбасы жанынан табылып, зардап шеккен азаматқа қажетті көмекті көрсетіп жүргенін айтты. Жақындары оқиғаға қатысты алып-қашпа әңгімелер таратпауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті қазақ халқы! Қазіргі қоғамда резонанс тудырып отырған оқиғаға өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бұл оқиғада біз жәбірленуші тараптан боламыз. Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Барынша өзінің көмегін көрсетіп жатыр. Бауырымның аяқтан тұрып кетуі үшін еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық», – деді Нұржігіттің әпкесі.
Ал экс-дептутаттың айтуынша, Нұржігіттің емі жалғасып жатыр. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер мен мамандар оның жағдайын бақылауда ұстап отыр. Ол өз сөзінде Нұржігіттің денсаулығында оң өзгерістер бар екенін жеткізді.
«Енді жол апатынан зардап шеккен жігіттің жағдайы толығымен ақ халаттылардың қолында. Емі жүріп жатыр. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер, сарапшылар келіп, Нұржігіт бауырымызға көмегін көрсетіп жатыр. Денсаулығында оң өзгерістер бар. Жанымда жақындары бар. Алып-қашпа әңгімелер таратпайық. Бәріміз біргеміз. Осы жерде түнеген кезіміз де болды», – деді ол.
Бұған дейін Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді.