«Ауыл» партиясы аграрлық сала ғалымдарымен пікір алмасты

Қатысушылар ауыл шаруашылығын дамытуда ғылымның маңызына, білікті маман даярлауға және ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауға тоқталды

«Ауыл» партиясы аграрлық сала ғалымдарымен пікір алмасты
Фото: видеодан скрин

«Ауыл» партиясының өкілдері Алматыда аграрлық сала ғалымдарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және саланың ғылыми әлеуетін арттыру мәселелері сөз болды. Қатысушылар ауыл шаруашылығын дамытуда ғылымның маңызына, білікті маман даярлауға, сапалы тұқым қорын қалыптастыруға және ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауға тоқталды.

Кездесуде ғалымдардың зерттеулерін өндірісте кеңінен қолдану және фермерлердің заманауи технологияларға қолжетімділігін арттыру мәселесіне де назар аударылды.

Іс-шара соңында қатысушылар «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі, ғалым әрі мемлекет қайраткері Ғани Қалиевтің бюстіне гүл шоқтарын қойды. Жиынға қатысушылар оның Қазақстандағы аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесін атап өтті.