«Ауыл» партиясы Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті
Кездесуде өңірлерді дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жұмыспен қамту, білім беру, инфрақұрылым және әлеуметтік саясат мәселелері сөз болды
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Құрылтай депутаттығына кандидаттардың сайлауалды науқаны аясында Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиынға партиядан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жигули Дайрабаев, Төрегелді Қалмұратов, Айбек Қуатбаев, Айнұр Идрисова, Сейтжаппар Кәрімбаев, Гүлнара Тастанбекова және Бейімбет Сүйін қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар таныстырылды. Өңірлерді дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жұмыспен қамту, білім беру, инфрақұрылым және әлеуметтік саясат мәселелері сөз болды.
Қайрат Айтуғанов халықтың табысын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстарға тоқталды. Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және отандық өндірісті дамыту мәселелерін көтерді. Ал Айбек Қуатбаев мамандар даярлау мен білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Кездесуде Түркістан тұрғындары партия төрағасы мен кандидаттарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді. Әңгіме барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, бизнесті қолдау және жастарға мүмкіндік жасау мәселелері қозғалды.