Спортшының сөзінше, оның ішімдікке деген әуестігі Олимпиададан кейін оянған
Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ішімдікке әуестігі пайда болғанын айтып, қазір бұл мәселемен күресіп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спортшының сөзінше, оның Олимпиададан кейін ішімдікке деген әуестігі оянған, алайда мұның қалай болғанын өзі де түсінбейді.
«Бәрі мені сынап жатыр ғой, ішіп алып жол апатына ұшырады деп. Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін ішімдікке деген әуестігім оянды. Мұның қалай болғанын, бұл дертке қалай шалдыққанымды білмеймін. Бірақ бұл – күлетін нәрсе емес», – деді ол.
Оның айтуынша, мұндай жағдайға тап болмаған адам ішімдікке тәуелділіктің қаншалықты қиын екенін түсіне бермейді.
«Мен де кезінде, жас кезімде түсінбей, басқаларға күлетінмін. Бірақ өмірде біреуді сынаған немесе айтқан нәрсең ертең өз басыңа келмей қоймайды. Абайлаңыздар, қазір бұл мәселемен күресіп жатырмын», – деді спортшы.
Елеусінов мұны тек адамның ерік-жігерінің әлсіздігі деп қабылдауға болмайтынын да айтты. Оның сөзінше, қазақ қоғамында мұндай мәселені ашық мойындау әлі де қиын.
«Қазақ халқы мұндай мойындауды түсінбейді ғой, «айтуға болмайды, ерік-жігер болуы керек» деп жатады. Бірақ бұл – жай ғана ерік-жігердің жетіспеушілігі емес, Алла Тағаланың сынағы», – деді боксшы.
Ол осы уақытқа дейін спортта талай биікті бағындырғанын да еске алды. Елеусінов әлем және Азия чемпионы атанып, Азия ойындарында жеңіске жеткенін, Олимпиада чемпионы болғанын айтты.
«Өмір болған соң түрлі сынақтар болады екен, ал менің маңдайыма осындай сынақ жазылыпты. Ең бастысы – денсаулық пен амандық», – деді ол.
Боксшы өзін басқа танымал спортшылардан жоғары қоймайтынын да атап өтті. Ол Геннадий Головкинмен, Бейбіт Шүменовпен және Жәнібек Әлімханұлымен өзін салыстыруды мақсат етпегенін айтты.
«Ешкімнен асып түсуге тырысқан жоқпын, тек жақсы болғым келді. Адамдардың бәрі мені тәкаппар деп ойлайды. Жоқ, олай емес», – деді ол.
Елеусінов әрқашан чемпион болуды және өз мүмкіндігін барынша пайдалануды қалағанын жеткізді.
«Генерал болғысы келмеген солдат – жаман солдат» дейді ғой. Мен де чемпион, ең үздік, ең амбициялы болғым келді», – деді спортшы.
Оның айтуынша, Олимпиададан кейін өмірі өзгереді деп ойлаған, алайда бәрі өзі күткендей болмаған. Соған қарамастан, боксшы алда бәрі жақсы болатынына сенетінін айтты. Қазір Елеусінов АҚШ-қа қайта оралған және жаттығуын жалғастырып жатыр.
«Қайтадан мықты чемпион боламыз. Жақсы көріп, қолдаңыздар, жанкүйер болыңыздар. Қазақтың жігіті чемпион атанса, бұл – бәріміз үшін қуаныш қой. Ал адамды жерге түсіре салу оңай ғой», – деді ол.