Уран өндірісінің маңызды тірегі: Қазақстандағы «СКЗ-U» зауыты қалай жұмыс істейді

«СКЗ-U» ЖШС 2007 жылы құрылған

Уран өндірісінің маңызды тірегі: Қазақстандағы «СКЗ-U» зауыты қалай жұмыс істейді
Фото:«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК

Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. Елдегі уранның негізгі бөлігін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және тәуелді кәсіпорындары өндіреді. Компанияның уран өндіруші активтерінде жерасты ұңғымалық шаймалау, яғни ISR технологиясы қолданылады. Бұл тәсіл кезінде уран кенін ашық немесе шахталық әдіспен қазып алмай, оны тікелей кен қабатынан ерітінді арқылы бөліп алады. Ал бұл технологияда негізгі реагенттердің бірі – күкірт қышқылы. Ол уранды минералдардан ерітіндіге өткізуге қажетті жағдай қалыптастырады. Сондықтан күкірт қышқылының тұрақты жеткізілуі уран өндірісінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін маңызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы өндірістік тізбекте Қызылорда облысында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС ерекше орын алады. Кәсіпорынның негізгі міндеті – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіретін кәсіпорындарын күкірт қышқылымен қамтамасыз ету. Яғни зауыттың жұмысы мен уран өндіру арасында тікелей технологиялық байланыс бар. Кәсіпорынның өз өндірістік әлеуетінің болуы сыртқы жеткізілімдерге, логистикалық шектеулерге және нарықтағы өзгерістерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Осы себепті «СКЗ-U»-ды жай ғана химиялық өнім өндіретін кәсіпорын емес, уран саласының технологиялық инфрақұрылымының маңызды бөлігі деуге болады.

«СКЗ-U» ЖШС 2007 жылы құрылған. Серіктестіктің қатысушылары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, SAP-Japan Corporation және UrAsia London Limited. Олардың компаниядағы үлесі тиісінше 49, 32 және 19 пайызды құрайды. Зауыттың құрылысы 2010 жылы басталып, 2012 жылы аяқталды. Сол жылы кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіру деңгейінде белгіленді. 2012 жылдың екінші жартысында сынақ өндірісі басталып, 20 желтоқсанда кәсіпорынды пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылды. Ал 2013 жылдан бастап зауытта өнеркәсіптік көлемде күкірт қышқылы өндіріле бастады.

Қазір кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін, яғни тәулігіне шамамен 1500 тонна күкірт қышқылын өндіре алады. Зауыттың құрамында күкірт қышқылы цехы, энергетикалық кешен, қосалқы бөлімшелер, вахталық қалашық және күн электр станциясы бар. Өндірістің негізгі шикізаты – түйіршікті күкірт. Ол «Теңізшевройл» ЖШС-дан күкірт сатып алатын «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС арқылы жеткізіледі. Осылайша кәсіпорынның өндірісі мұнай-газ, химия және уран салаларын байланыстыратын тізбектің бір бөлігі болып отыр.

Зауыттағы күкірт қышқылын өндіру бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен түйіршікті күкірт дайындалып, балқытылады. Кейін ол жағу процесіне жіберіліп, ауаның оттегімен әрекеттесу нәтижесінде күкірт диоксиді – SO₂ түзіледі. Одан кейін газ каталитикалық тотығу кезеңінен өтіп, күкірт триоксидіне – SO₃ айналады. Соңғы кезеңде SO₃ абсорбциялық жүйеде сіңіріліп, дайын күкірт қышқылы алынады. Өндіріс барысында бөлінетін жылу да босқа кетпейді. Ол бу мен электр энергиясын өндіруге пайдаланылады.

Кәсіпорындағы өндіріс технологиясы үздіксіз жұмыс істеуге және энергияны тиімді пайдалануға бағытталған. Шикізаттың мақсатты өнімге айналу көрсеткіші 99,7 пайызға дейін жетеді. Энергетикалық кешен 2013 жылдан бастап кәсіпорынның өз қажеттілігіне электр энергиясын өндіре бастады. Ал 2014 жылдан бастап электр энергиясының бір бөлігі сыртқы желілерге сатыла бастады. Сол жылы кәсіпорын аумағында қуаты 418 кВт/сағ күн электр станциясы іске қосылды. Бұл өндірісте пайда болатын энергияны тиімді пайдалануға бағытталған шешімдердің бірі.

Қызметкерлер қауіпсіздігі – басты назарда

Өндірістің тұрақты жұмысымен қатар кәсіпорында қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне де басымдық беріледі. «СКЗ-U»-да ауысым алдындағы медициналық тексеру толық автоматтандырылып, цифрландырылған. Жүйе жұмысшылардың денсаулық жағдайын жедел бақылауға, өндірістік тәуекелдерді азайтуға және жұмысқа медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарды уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Тексеру нәтижелері автоматты түрде eKAP ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Сонымен бірге қызметкерлерге тәулік бойы медициналық сүйемелдеу көрсету үшін медициналық персоналдың штаты күшейтілген.

Алғашқы көмек көрсетуге де ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорында халықаралық бағдарламалар бойынша оқытылған ішкі тренер-нұсқаушы бар. Қызметкерлер BLS және PHTLS бағдарламалары бойынша дайындықтан өткен. Компанияның мәліметінше, «СКЗ-U» қызметкерлерінің 100 пайызы алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқытылған. Оның ішінде ZOLL AED Plus автоматты сыртқы дефибрилляторын қолдану бойынша практикалық дайындық та бар.

2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша кәсіпорында 277 адам жұмыс істейді. Оның 259-ы күкірт қышқылы зауытында еңбек етеді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының басқа аудандарында тұрады. Қалған жұмысшылар Алматы және Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Шымкент пен Астанадан келеді.

Кәсіпорында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған қызметкерлерге арналған арнайы әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Қазір бұл төлемді бес қызметкер алып отыр. Бұдан бөлек, ұжымдық шартта еңбекақы төлеу кепілдіктері, сауықтыру, демалысты ұйымдастыру және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қамтылған.

Жұмысшылардың денсаулығын нығайту үшін санаторий-курорттық емделу ұйымдастырылады. Вахталық қалашықта спортпен айналысуға қажетті құрал-жабдықтары бар спорт залы жұмыс істейді. Кәсіпорында корпоративтік спорттық жарыстар, денсаулық марафондары, салауатты өмір салты мен алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрістер мен семинарлар да тұрақты өткізіледі.

Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Батыс Мыңқұдық» кенішінің 242-ден астам қызметкері еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік, үнемді өндіріс, қаржылық сауаттылық және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттары бойынша оқудан өткен.

Өңір тұрғындарына қолдау

«СКЗ-U» қызметкерлермен ғана емес, өзі жұмыс істейтін өңірдегі тұрғындармен де әлеуметтік бағытта жұмыс жүргізеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорын бірқатар әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға қолдау көрсеткен. Мәселен, 8 наурыз мерекесіне орай еңбек ардагерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ көпбалалы аналар арасынан 16 әйелге сыйлық жиынтықтары табысталды.

Наурыз мерекесі кезінде Жаңақорған кентіндегі мерекелік шараларды өткізуге демеушілік көмек көрсетілді. Сонымен қатар соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, Семей полигоны, Ауған және Таулы Қарабах соғыстарына қатысқан сегіз адамға материалдық көмек көрсетіліп, тәтті себеттер табысталды.

Кәсіпорын әлеуметтік қолдауды жылдың екінші жартысында да жалғастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар балаларға арналған «Мектепке жол» акциясына қатысу көзделген. Оның аясында 60 отбасына көмек көрсету жоспарланып отыр. Сонымен бірге зауытқа жақын орналасқан елді мекендердегі балабақша тәрбиеленушілерінің 70-іне Жаңа жылдық сыйлықтар табыстау жоспарланған.

Осылайша, «СКЗ-U» жұмысы тек күкірт қышқылын өндірумен шектелмейді. Кәсіпорын уран өндірісіне қажетті маңызды реагентпен қамтамасыз етумен қатар, өндірістік қауіпсіздікке, қызметкерлердің денсаулығына, энергияны тиімді пайдалануға және өңір тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Компания үшін негізгі міндеттердің бірі – өнімнің тұрақты көлемі мен сапасын сақтау, технологиялық процестердің тиімділігін арттыру және өндірістік әрі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.