Ақмола облысының тұрғыны жалған инвестициялық платформаға алданып, 10 млн теңгесінен айырылды

Алаяқтық әйелдің жалған инвестициялық платформаға тіркелуінен басталған

Ақмола облысының тұрғыны жалған инвестициялық платформаға алданып, 10 млн теңгесінен айырылды
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының тұрғыны екі ай ішінде жалған инвестициялық платформаға алданып, 10 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтардың арбауына Сандықтау ауданының тұрғыны түскен.

Алаяқтық әйелдің жалған инвестициялық платформаға тіркелуінен басталған. Капиталын көбейтуге уәде берген өзін «қаржылық кеңесші» ретінде таныстырған адамдардың нұсқауын орындаған.

Осы жылдың мамыр айынан шілдесіне дейін әйел екі несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алған. Сонымен қатар бар жинағын инвестицияға салған. Осылайша жәбірленуші алаяқтарға жалпы сомасы 10,2 миллион теңгеден астам ақша аударған.

Алайда әйел тек бір айдан кейін алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген. Осыдан кейін полицияға арызданған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.