«Басты дебат – 2026»: жеті партияның сөз сөйлеу реті анықталды
Ертең жеті партия көшбасшысы бір алаңға шығады, дебаттағы реттілік белгілі
Бүгін, 18 тамызда «24KZ» телеарнасында «Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасына қатысатын саяси партиялардың сөз сөйлеу кезегін анықтау үшін жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеребе басты теледебатқа бір күн қалғанда, сағат 10:00-де «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде ұйымдастырылды. Нәтижесінде жеті саяси партияның дебат барысында сөз сөйлеу реті айқындалды.
Жеребе тарту рәсіміне қатысқан саяси партиялардың өкілдері:
- «Әділет» партиясы – Ләззат Шыңғысбаева, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – Мақсұт Насибулов, партияның орталық аппаратының жетекшісі;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – Нариман Баубек, «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер;
- Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) – Бейбіт Құсайынов, партия төрағасының орынбасары;
- «Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов, партия төрағасының орынбасары – аппарат басшысы;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы – Асылхан Қожахметов, партияның республикалық штабының жетекшісі;
- Respublica партиясы – Жанат Ысқақов, партия төрағасының орынбасары – орталық аппарат жетекшісі.
Жеребе нәтижесіне сәйкес саяси партиялардың сөз сөйлеу кезегі:
- «Respublica»;
- «Байтақ»;
- «Ақ жол»;
- «Әділет»;
- «Ауыл»;
- ЖСДП;
- Қазақстан Халық партиясы.
Жеребе тарту рәсімі «24KZ» телеарнасының YouTube, Instagram, Facebook және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей көрсетіліп, жеребе нәтижелері жарияланды.
Естеріңізге сала кетейік, 19 тамыз күні сағат 20:00-де «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде «Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасы өтеді.
Бұл – ел тарихындағы алғаш Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды теледебат. Басты теледебатта жеті партияның көшбасшысы бір алаңда бас қосады.
Саяси пікірталастың негізгі тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам».
Дебат модераторлары – белгілі тележүргізушілер Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай. Азаматтардан келіп түсетін сауалдарды байланыс орталығы арқылы Сағыныш Әбікей қабылдайды.
Көрерменді түрлі саяси ұстанымдар тоғысатын, өзекті сауалдар көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылатын тартысты әрі мазмұнды эфир күтеді.