Маңғыстаудағы Саура көлінен медузаға ұқсас белгісіз тіршілік иелері табылды
Әзірге мамандар олардың медуза екенін растаған жоқ. Түрін нақты анықтау үшін үлгілерге зертханалық зерттеу жүргізу қажет
Маңғыстау облысындағы Саура көлінде демалушылар желе тәрізді организмдердің көптеп жиналғанын байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada.kz басылымы жағдайға қатысты Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқановадан түсініктеме алды.
Маманның айтуынша, көлден табылған организмдерді әзірге Каспий теңізіндегі медузалармен немесе ескекшілермен байланыстыруға негіз жоқ. Сонымен қатар олардың нақты қандай түрге жататынын фото немесе видео арқылы анықтау мүмкін емес.
Ол үшін организмнің үлгісі мамандарға жеткізіліп, морфологиялық зерттеуден өтуі қажет. Зерттеу барысында микроскоп та қолданылуы тиіс.
Белгісіз организмдердің табиғаты анықталғанға дейін маман демалушыларға сақтық шараларын ұстануға кеңес берді. Атап айтқанда, олар көп жиналған жерде суға түспеу, белгісіз организмдерді қолмен ұстамау және жағаға шығып қалғандарын да қозғамау керек.