Жүйеде техникалық ақау болған
Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйедегі техникалық ақауға байланысты тасжолдарда қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде техникалық ақау болған.
«Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру деректері бір сәттік жылдамдықты асыру бұзушылығы ретінде қате рәсімделген», - деді ол.
Комитет төрағасы азаматтардың полиция бөлімшелеріне барып, дәлелдеуінің қажеті жоқтығын хабарлады. Қате қалыптастырылған нұсқамалар толығымен анықталған және олар автоматты түрде жойылады.
Ал қате жазылған айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару тетігі қазіргі уақытта пысықталып жатыр. Ведомство өкілі бұл мәселенің толық бақылауда екенін атап өтті.