«Ауыл» партиясы Асар шағын ауданындағы әлеуметтік мәселелерді көтерді

Кездесуде шағын аудандағы әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді

«Ауыл» партиясы Асар шағын ауданындағы әлеуметтік мәселелерді көтерді
Фото: Ауыл партиясының баспасөз қызметі

Шымкент қаласының Асар шағын ауданында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар тұрғындармен кездесті. Жиынға кандидаттар Ғани Қарабеков, Талғат Айтбаев, Айбек Қуатбаев, Тимур Савин және Айнұр Идрисова қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде шағын аудандағы әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді. Асардың құрылысы 2009 жылы басталған. Қазір мұнда 27 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындар қоныс аудару бағдарламасы арқылы келген азаматтарды қолдау, оларды жұмыспен және тұрғын үймен қамту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Шағын аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен кәсіпкерлікті дамыту да маңызды мәселелердің бірі ретінде айтылды. Осы ретте ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы жергілікті жерде жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту жайы сөз болды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шағын ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі, жұмыспен қамту және халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты мәселелер бар.

Жиын соңында тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштер жинақталды. Олар партия мен кандидаттардың алдағы жұмысында ескерілмек.