ЖСДП кандидаты Шідертідегі су шаруашылығы мамандарының мәселесін тыңдады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кездесуде айтылған ұсыныстар кандидаттың сайлауалды штабының сайлаушылар аманаттары картасына енгізілді

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Павлодар облысының Шідерті кентінде ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Роза Жүсіпова Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың өндірістік-пайдалану учаскесінің ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында су шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандардың жұмыс жағдайы, әлеуметтік кепілдіктері, нысанның материалдық-техникалық базасы және кенттің коммуналдық мәселелері сөз болды.

Қызметкерлердің айтуынша, Қаныш Сәтбаев атындағы канал өңірдің су жүйесіндегі маңызды нысандардың бірі. Сондықтан оның үздіксіз жұмыс істеуі үшін гидротехникалық құрылыс нысандарын жаңарту, мамандарға қолайлы еңбек жағдайын жасау және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды.

Кездесуде гидротехниктер мен инженерлердің әлеуметтік жағдайына да назар аударылды. Ұжым өкілдері су саласында еңбек ететін мамандардың еңбегін бағалау, саладағы мамандардың мәртебесін арттыру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

«Су шаруашылығы нысандарының тұрақты жұмыс істеуі осы салада еңбек ететін мамандардың күнделікті еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан олардың еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктері назардан тыс қалмауы керек. Бүгін ұжым өкілдері көтерген мәселелердің қатарында әлеуметтік қолдау, материалдық-техникалық базаны жаңарту және инфрақұрылымды дамыту мәселелері бар. Бұл ұсыныстарды алдағы жұмыста ескереміз», – деді Роза Жүсіпова.

Сонымен қатар Шідерті кентінің коммуналдық-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелер де айтылды. Жиын барысында тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын жүйелі түрде қарау қажеттігі сөз болды.

Кездесуде айтылған ұсыныстар кандидаттың сайлауалды штабының сайлаушылар аманаттары картасына енгізілді.