ЖСДП жаңа үйлердегі құрылыс сапасына назар аударды

Форум барысында үй пайдалануға берілген кезде жобалық, техникалық және атқарушылық құжаттардың толық тапсырылуы қажеттігі де айтылды

ЖСДП жаңа үйлердегі құрылыс сапасына назар аударды
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Астанада ЖСДП ұйымдастырған МИБ және ТКШ мәселелеріне арналған форумда жаңа көппәтерлі үйлердің сапасы және құрылыс компанияларының жауапкершілігіне қатысты ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сала мамандарының сөзінше, жаңа үй пайдалануға берілгеннен кейін лифт, шатыр, жылу жүйесі, инженерлік коммуникациялар мен ауланы абаттандыруға қатысты әртүрлі мәселелер анықталуы мүмкін. Мұндай жағдайларда тұрғын үйді басқаруды қолға алған МИБ-ке құрылыс кезінде кеткен кемшіліктерді шешуге тура келеді.

ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат, сала сарапшысы Талғат Татиков құрылыс компаниясының жауапкершілігі үйді пайдалануға берген сәтпен ғана шектелмеуі керек екенін айтты.

«Бүгінде жаңа үй пайдалануға берілгеннен кейін оның көптеген мәселесі МИБ-тің мойнына түседі. Лифт істемейді, шатырдан су өтеді, жылу жүйесінде ақау болады, инженерлік коммуникациялар талапқа сай жасалмай жатады. МИБ құрылыс компаниясының қателігін түзететін ұйым болмауы тиіс», – деді Талғат Татиков.

Оның айтуынша, пәтер сатып алған азамат тек баспана емес, қауіпсіз әрі сапалы тұрғын үй алуы керек. Сондықтан құрылыс кезінде кеткен ақаулар анықталған жағдайда, оларды жою міндеті нақты түрде құрылыс салушыға жүктелуі қажет. Сарапшы құрылыс саласындағы кәсіпкерлікті қолдау мен тұрғындардың құқықтарын қорғау қатар жүруі керек екенін де атап өтті. Оның пікірінше, құрылыс компаниялары үшін де, тұрғындар үшін де жауапкершілік шекарасы заңда нақты белгіленсе, жаңа үйлерді пайдалануға бергеннен кейін туындайтын мәселелерді шешу жеңілдейді.

Форум барысында үй пайдалануға берілген кезде жобалық, техникалық және атқарушылық құжаттардың толық тапсырылуы қажеттігі де айтылды. Бұл құжаттар кейін МИБ-тің үйді дұрыс басқаруы және анықталған кемшіліктердің қай тарапқа тиесілі екенін белгілеуі үшін маңызды.

Сонымен қатар тұрғындарға пәтер сатып алар алдында үйдің жалпы техникалық жағдайына және оған қатысты құжаттарға назар аудару қажеттігі жөнінде ұсыныстар берілді.