«Ауыл» партиясы «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді
Акция кезінде қатысушылар бұлақ маңындағы аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, айналаны ретке келтірді
Халықаралық жастар күніне орай «Ауыл» партиясы «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Іс-шараға партия төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар, жастар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен партия белсенділері қатысты. Акцияға 350-ден астам адам жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шара барысында Қайнар-Бөржар бұлағының маңындағы аумақ тазартылып, абаттандырылды. Сонымен қатар бұлақ көздерін ашу жұмыстары жүргізіліп, табиғи нысанның санитарлық жағдайын жақсартуға көңіл бөлінді.
Акция кезінде қатысушылар бұлақ маңындағы аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, айналаны ретке келтірді. Су көздерін сақтау және олардың айналасын таза ұстау мәселесіне де назар аударылды.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов табиғи су көздерін сақтаудың ауылдық жерлер үшін маңызына тоқталды.
«Бұлақ – ауыл үшін жай ғана табиғи нысан емес, тіршілік көзі. Сондықтан оның көзін ашып, маңайын таза ұстау – табиғатқа деген жауапкершіліктің бір көрінісі. Мұндай жұмыстарға жастардың және жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуы қуантады», – деді Қайрат Айтуғанов.
Іс-шараға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Талғат Айтбаев, Ғани Қарабеков, Серікбол Берікқожа, Айбек Қуатбаев, Тимур Савин және Айнұр Идрисова да қатысты.