Форумда кейбір тұрғын үйлерде ортақ пайдаланылатын нысандардың құқықтық мәртебесіне қатысты сұрақтар туындайтыны да айтылды
Астанада ЖСДП ұйымдастырған МИБ және ТКШ мәселелеріне арналған форумда көппәтерлі үйлердің ортақ мүлкі мен оған қатысты құжаттардың жайы сөз болды. Жиынға МИБ төрағалары, сала сарапшылары, партия өкілдері және Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үйдегі ортақ мүлікке қатысты мәселелердің бір бөлігі қажетті құжаттардың толық болмауынан туындайды. Пәтер сатып алған азамат көбіне өзінің баспанасына қатысты техникалық құжаттарды алады. Ал тұтас үйдің жобалық, техникалық және атқарушылық құжаттарына тұрғындар әрдайым назар аудара бермейді.
Сала сарапшысы, ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Павель Шульгин көппәтерлі үйдегі ортақ мүліктің мәртебесі құжаттарда нақты көрсетілуі керек екенін айтты.
«Пәтер – жай ғана шаршы метр емес. Бұл – отбасының үйі, қауіпсіздігі және адамның өміріндегі ең үлкен инвестицияларының бірі. Үйдің ортақ мүлкіне шатыр, фасад, баспалдақ, лифт, жертөле, техникалық қабаттар мен инженерлік коммуникациялар жатады. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттамада әр нысанның нақты мәртебесі көрсетілуі керек», – деді Павель Шульгин.
Форумда кейбір тұрғын үйлерде ортақ пайдаланылатын нысандардың құқықтық мәртебесіне қатысты сұрақтар туындайтыны да айтылды. Мәселен, техникалық бөлме, жертөле немесе инженерлік желілердің кімге тиесілі екені құжатта нақты белгіленбесе, кейін оны пайдалану мәселесі күрделенуі мүмкін.
Осыған байланысты мамандар үйді басқаруға кіріскен МИБ-ке ғимараттың барлық жобалық және техникалық құжаттарының толық тапсырылуы маңызды екенін атап өтті. Тұрғындардың да өз үйіне қатысты құжаттармен танысып, ортақ мүлікке не жататынын білуі қажет. Жиында МИБ жұмысының ашықтығы, тұрғындардың ортақ мүлікке қатысты шешім қабылдауы және үйді күтіп ұстауға жұмсалатын қаражат туралы ақпараттың қолжетімді болуы мәселелері де қозғалды.