2027-2029 жылдарға арналған бюджет: Тоқаев негізгі басымдықтарды белгіледі
Президент бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша кеңес өткізді
Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
«Президентке экономиканың қазіргі ахуалы туралы баяндалып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, 2027-2029 жылғы республикалық бюджет параметрлері жөнінде мәлімет берілді. Талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысы 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – аурухана, балаларды оңалту орталығы, мәдениет, спорт ғимараттары секілді инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетіп салу керек екенін айтты.