Қостанай облысында әйел адам күйеуін өлтіргені үшін 8 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға биыл 9 мамыр күні кешкі уақытта болды

Фото: TobolInfo

Қостанай облысының тұрғыны күйеуін өлтіргені үшін 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бейімбет Майлин ауданы Қызылжар ауылының тұрғынына қатысты үкім шығарды. Ол күйеуін өлтіргені үшін кінәлі деп есептелді. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 9 мамыр кешкісін ерлі-зайыптылар үй ауласында алкогольдік ішімдік ішкен. Осы кезде олардың арасында жанжал туындаған. Сот мәліметінше, мас күйіндегі ер адам әйеліне ренішін айтып, оның көзіне шөп салды деп айыптаған.

10 мамырға қараған түні сағат 00:30 шамасында әйел асүйдегі пышақты алып, күйеуінің сол жақ кеуде тұсына бір рет сұққан. Алған жарақатынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Алайда күйеуін өлтіруге ниеті болмағанын айтты.

Сот әйелді кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.