Швейцария, Франция, Қытай, Канада елдерінен алда тұр: Қазақстан цифрландыру саласында ТОП-25 елге кірді
ТМД және Орталық Азия елдері арасында да Қазақстан көршілерінен айтарлықтай озық тұр
Қазақстандағы цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру кезеңінен өтіп, бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру деңгейіне жетті. БҰҰ-ның 2024 жылғы рейтингінде 0,9 көрсеткішімен 24-орынға көтерілген Қазақстан бірқатар дамыған елдерден озып, ТМД мен Орталық Азия мемлекеттері арасында үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ranking зерттеуіне сүйеніп хабарлайды.
Қазақстан бүгінде цифрландыру, оның ішінде электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарында. БҰҰ-ның 2024 жылғы электронды үкіметтің даму индексі (Global E-Government Development Index) жөніндегі соңғы рейтингінде Қазақстан 0,9 көрсеткішімен 24-орынға жайғасты. Еліміз көптеген дамыған мемлекеттерден, оның ішінде Еуропаның біраз елінен алда тұр. Мәселен, Қазақстанда электронды үкіметтің даму деңгейі Швейцария, Түркия, Латвия, Франция, Хорватия, Қытай, Канада, Италия, Бельгия және басқа да мемлекеттерге қарағанда жоғары.
ТМД және Орталық Азия елдері арасында да Қазақстан көршілерінен айтарлықтай озық тұр. Қазақстан үздік 25 елдің қатарына енсе, Ресей 43-орын, Өзбекстан 63-орын, Грузия 69-орын, Әзербайжан 74-орын, Беларусь 77-орын, Қырғызстан 78-орын алды.
«Еліміздің әлемдік рейтингтегі көрсеткішінің жылдар бойы тұрақты жақсарып келе жатқаны да маңызды. 2008 жылы Қазақстан рейтингте 81-орында болса, 2010 жылы 46-орынға, 2018 жылы 39-орынға, 2022 жылы 28-орынға, ал 2024 жылы 24-орынға көтерілді. Жыл өткен сайын көрсеткіш жақсарып келеді. Қазіргі ахуалды ескере отырып, Қазақстанның алдағы жылдары электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша үздік 15 елдің қатарына кіруге әлеуеті жоғары деуге толық негіз бар. Сонымен қатар Президенттің жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік қызметтер көрсету саласын трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай QazTech ортасына көшу жүзеге асырылды. Платформа 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жұмыс істейді және жаңа сервистерді әзірлеп, пайдалануға беру мерзімін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», – делінген зерттеу материалында.
Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech-ке көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған, оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Тағы 25 жүйе жоспардан тыс көшіру және әзірлеу кезеңінде, ал 10 жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр. Яғни жұмыс жоспардан да ілгері жүріп жатыр және бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech-пен жұмыс істейді.
Цифрлық трансформацияның маңызды нәтижелерінің бірі – электронды үкімет инфрақұрылымының сенімділігі мен өнімділігінің артуы. 2026 жылы ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасудың негізгі арнасы саналатын электронды үкімет шлюзі жаңғыртылды.
Жаңартудан кейін оның ең жоғары өткізу қабілеті 2,5 есеге артып, секундына 800-ден 2 мың сұрауға дейін жетті. Сонымен қатар жүйенің тұрақтылығы да айтарлықтай артты. 2023-2025 жылдары жалпы ұзақтығы 59 сағатқа созылған 51 ақау тіркелсе, 2026 жылы жаңа шлюзде бірде-бір ақау немесе тоқтап қалу жағдайы тіркелмеген.
Осылайша, жаңғырту цифрлық инфрақұрылымның өнімділігін арттырып қана қоймай, оның неғұрлым тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бұл электронды мемлекеттік қызметтер мен жүйелер арасындағы деректер алмасу көлемі үнемі артып келе жатқан қазіргі жағдайда аса маңызды.
Қазақстанда eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды
Цифрландыру саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – QazTech бірыңғай платформасында әзірленген жаңартылған eGov 3.0 порталының іске қосылуы. Жаңарту мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруға, артық талаптарды алып тастауға және инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін eGov порталы технологиялық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп келген. Жаңа порталда қызметтер барынша жеңілдетіліп, пайдаланушыға ыңғайлы етіледі. Артық талаптар мен қажетсіз қадамдар алынып тасталады. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді болып отыр.
Цифрландырудың тағы бір бағыты – электронды үкімет жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу. Атап айтқанда, 2026 жылғы сәуірде іске қосылған eGov GPT жүйесі дамып келеді. Бұл – азаматтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп, сұрақтарға табиғи тілде жауап бере алатын интеллектуалды көмекші.
Бүгінде eGov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал азаматтар көмекшіні 150 мыңнан астам рет пайдаланған. Оның негізіне отандық alem LLM тілдік моделі алынған, ал есептеу жұмыстары alem.cloud суперкомпьютерінің ресурстары арқылы жүзеге асырылады.
Келесі кезеңде eGov GPT-ні Aitu ұлттық экожүйесіне интеграциялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін қамту үлесін 70%-ға жеткізу міндеті қойылды.
Жасанды интеллект сервистерін дамытуда бірыңғай тәсіл қалыптастыру қажеттілігіне де ерекше мән беріліп отыр. Азаматтар мен бизнеске арналған, eGov GPT жүйесімен байланыстырылмаған дербес ведомстволық AI-агенттерді әзірлеу мен енгізуден бас тарту ұсынылады. Бұл бытыраңқы шешімдердің алдын алып, мемлекеттік сервистермен өзара байланысты бірыңғай интеллектуалды жүйеге шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жекелеген анықтамалар мен өтініштерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Бүгінде цифрлық шешімдер мемлекет пен азаматтар, сондай-ақ бизнес арасындағы өзара байланыстың барлық дерлік негізгі бағытын қамтиды. Оның ішінде кәсіпкерлікті тіркеу, рұқсаттар алу, әлеуметтік төлемдер, білім беру, денсаулық сақтау және күнделікті өмірге қажетті басқа да қызметтер бар.
Бизнес үшін цифрландыру ең алдымен әкімшілік рәсімдер мен мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге кететін уақытты қысқартуды білдіреді. Кәсіпкерлер бизнесті қашықтан тіркей алады, салық және статистикалық есептілікті тапсырып, лицензиялар мен рұқсаттарды рәсімдеп, мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын ала алады. Ведомствоаралық деректер алмасудың дамуы мемлекеттік жүйелерге қажетті ақпаратты өздігінен алуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерден бір құжаттарды қайта-қайта ұсынуды талап етуді азайтады.
«Жеке бағыттың бірі – әлеуметтік саланы цифрландыру. Әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, зейнетақымен қамсыздандыруға және азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетілетін қолдауға қатысты қызметтердің көбі электронды форматқа көшіріліп жатыр. Бұл мемлекеттік мекемелерге артық баруды азайтып қана қоймай, қызметтерді проактивті түрде көрсетуге біртіндеп көшуге мүмкіндік береді. Яғни жүйе адамның белгілі бір қолдауға құқығы бар екенін өзі анықтап, оны рәсімдеуді ұсына алады. Цифрландыру азаматтардың күнделікті өміріне қатысты мәселелерді де қамтиды. Олардың қатарында көлік, мүлікті тіркеу, жер қатынастары, құжаттарды алу, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық және басқа да қызметтер бар. Нәтижесінде мемлекеттік сервистер біртіндеп бірыңғай цифрлық кеңістікке бірігіп келеді. Мұнда пайдаланушыға мемлекеттік органдардың күрделі құрылымын өз бетінше түсініп, қажетті қызметті іздеудің қажеті болмайды», – делінген Ranking зерттеуінде.
Осылайша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мемлекет, азаматтар және бизнес арасындағы өзара байланыстың өзін өзгертуде. Бастапқы кезеңде басты мақсат мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде қолжетімді ету болса, бүгінде басымдық оларды интеграциялауға, автоматтандыруға және жекелендіруге ауысып отыр. Ал бұл болашақта бюрократиялық рәсімдердің азаюына, қызметтерге қолжетімділіктің жеделдеуіне және жекелеген электронды сервистерден мемлекеттің бірыңғай цифрлық экожүйесіне көшуге жол ашады.