Абай облысында қаны тоқтамай жатқан баланы полицейлер ауруханаға 12 минутта жеткізді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Дәрігерлер баланы шұғыл қабылдап, операция жасаған

Фото: видеодан скрин

Абай облысында полицейлер аяғы қатты жарақаттанып, қансырап жатқан бес жасар баланы ауруханаға небәрі 12 минутта жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 15 тамызда Семей-Өскемен тасжолында болған. Жанасемей ауданындағы Гранитный ауылында тұратын бес жасар бала үйдің кіреберіс есігіне өрмелеп шықпақ болған. Сол сәтте есіктің әйнегі сынып, баланың аяғын терең жаралаған. Жарақат салдарынан қан көп кеткен.

Баласын Volkswagen көлігіне отырғызып, ауруханаға қарай бет алған ана жол бойынан патрульдік полиция көлігін көріп, көмек сұраған. Полицейлер Еламан Масалимов пен Медет Смағұлов баланың жағдайын көре сала уақыт жоғалтпай, анасы мен баласын патрульдік көлікке отырғызып, облыстық ауруханаға қарай жедел жол тартқан.

Полицейлер баланы қабылдау бөліміне небәрі 12 минутта жеткізген. Ауруханаға келген соң олар баланы көліктен көтеріп алып, бірден ішке кіргізген. Дәрігерлер баланы шұғыл қабылдап, операция жасаған. Баланың анасы сол сәтте қатты қорыққанын айтып, полицейлерге алғысын білдірді.

«Баламның аяғынан қан тоқтамай қойды. Қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмей, жолдан полицейлерді көрген соң көмек сұрадым. Олар бірден бізге көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бізді ауруханаға небәрі 12 минутта жеткізді. Сол сәтте бұл мен үшін үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүрегіммен алғыс айтамын», – деді баланың анасы.