Астана – Щучинск тасжолындағы апат: жүргізуші жолда ұйықтап кеткен

Автор: Дәулет Ботагөз

Салдарынан жол талғамайтын көлік үшінші және төртінші қозғалыс жолақтарының арасындағы жол инфрақұрылымы нысандарына соғылған

Фото: ҚазАвтоЖол

15 тамызда Астана – Щучинск автожолындағы «Астана» ақы алу пунктіне кіреберісте Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рөлде ұйықтап кетіп, көлік тізгінін басқара алмай қалған. Салдарынан жол талғамайтын көлік үшінші және төртінші қозғалыс жолақтарының арасындағы жол инфрақұрылымы нысандарына соғылды.

Абырой болғанда, жол апатынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші көлікте жалғыз болған және оқиға орнына келген дәрігерлердің медициналық көмегінен бас тартты.

Жол апатына байланысты үшінші және төртінші жолақтардағы қозғалыс уақытша тоқтатылды. Оқиға салдары жойылғаннан кейін жол сағат 11:34-те қайта ашылды. Соқтығысу салдарынан жол белгісі, жолақтарды бөлетін қорғаныш буфері және бетон блок зақымданды.

Сайып келгенде, бұл жағдай тек көлік пен жол инфрақұрылымының зақымдануымен аяқталды. Алайда рөлдегі бірнеше секундтық ұйқының салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Шаршау жүргізушінің зейінін төмендетіп, әрекет ету жылдамдығын бәсеңдетеді.