Байтақтықтар ауыл тұрғындарымен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Кездесуге аудан әкімі Сәбит Ысқақов та қатысты

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Жасылдар партиясының үгіт-насихат жұмысы жалғасын тапты. Партия атынан сайлауға түскен үміткер Сәуле Қамытбекова Ақмола облысы Шортанды ауданындағы Новокубанка ауылына барып, тұрғындармен бетпе-бет жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кандидат алдымен «Байтақ» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыды. Бұдан соң формат еркін пікір алмасуға ұласып, халық қордаланған түйткілді ортаға салды. Атап айтқанда, жол жөндеу, ауыз су және газбен тұрақты қамтамасыз ету, жайылым тапшылығы, жұмыссыздық, байланыс және интернет сапасын жақсарту.

Кездесуге аудан әкімі Сәбит Ысқақов та қатысты. Ол жастарды елге қайтару үшін көп нәрсе керек емес дейді. Сөзінше, ауылда баспана, жұмыс, инфрақұрылым және бос уақытты тиімді ұйымдастыру оңынан шешілсе, қалаға ағылған жастардың саны мейлінше азаймақ.

Сәуле Қамытбекованың кезекті локациясы – Астанадағы Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының филиалы болды. Мұнда да түрлі мәселе көтерілді: медициналық көмек, оңалту, әлеуметтік қорғау. Кандидаттың сөзінше, партияның сайлауалды бағдарламасында халықтың осал топтарын қолдау, инклюзияны дамыту және олардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілген.

Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы филиалының төрағасы Ерболат Әшімов қақтығыстарға қатысқан барлық әскери қызметшіге, соның ішінде тәжік-ауған шекарасында міндетін атқарған азаматтарға бірыңғай «жауынгерлік іс-қимылдар ардагері» мәртебесін беру мәселесін көтерді.