Respublica «Кублей» зауытының жабылу қаупін қалай тоқтатты

Автор: Аягөз Құрмаш

Respublica республикалық сайлауалды штабының мүшелері кәсіпорын ұжымымен кездесті

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica республикалық сайлауалды штабының мүшелері Орал қаласындағы Қазақстандағы ірі ет өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Кублей» ЖШС-не барды. Кәсіпорында 700 адам жұмыс істейді, ал зауыт 3,5 мың шаруа қожалығымен серіктестік орнатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірнеше жыл бойы кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалу қаупінде болды. Бұған зауыттың санитарлық-қорғау аймағында тұрғын үй құрылысына рұқсат берілуі себеп болған. Қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес, бұл кәсіпорынның одан әрі жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Сот даулары бірнеше жылға созылып, кәсіпорын сәйкестік сертификаттарынан айырылып, өндірістің тоқтап қалу қаупі күшейді.

2023 жылдың күзінде партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров пен тең төраға Динара Шүкіжанова зауытқа барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен және Үкімет өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.

Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ жылдар бойы өз аумағында жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарға қатысты санитарлық талаптарды қайта қарауға мүмкіндік беретін бұйрық қабылдады. Бұл шешім «Кублейдің» жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік беріп қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу арқылы басқа да кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарын қайта қарауына жол ашты.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, партия өз еңбегімен өнім өндіріп, жұмыс орындарын құрып отырған кәсіпкерлерді қорғайды. Партия отандық тауар өндірушілерді қолдауды және адал бизнестің бюрократиялық кедергілерге тап болмауын маңызды міндеттердің бірі деп санайды.

Кездесу барысында кандидаттар кәсіпорын ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасындағы отандық өндірісті қолдау, салық жүктемесін азайту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі ұсыныстарын таныстырды.