Маңғыстауда 27 жастағы ер адамнан 83 келі есірткі табылды

Автор: Асыл Арман

Полицияның мәліметінше, тәркіленген зат марихуана болып шыққан

Фото: Маңғыстау облысы ПД

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жедел-тергеу шараларын Маңғыстау облысының прокуратурасы үйлестіруімен облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізді.

Бір апта бұрын, 6 тамызда сағат 22:00 шамасында жедел ақпарат негізінде полиция қызметкерлері Мұнайлы ауданының Атамекен ауылы аумағындағы шаруашылық нысандарының біріне тінту жүргізді.

Тінту барысында өсімдік тектес зат салынған бес қап анықталып, тәркіленді. Полицияның мәліметінше, тәркіленген зат марихуана болып шыққан. Есірткінің жалпы салмағы 83 келі 300 грамды құрады.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапта есірткі заттарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз ірі мөлшерде заңсыз айналымға енгізу үшін жауапкершілік көзделген.

Маңғыстау облысының 27 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.