Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қылмыстық шара да қолданылып жатыр
Қарағанды облысында алимент төлемей жүрген борышкерлерден жыл басынан бері 252,4 млн теңге қарыз өндірілді. Бұл қаражат жүздеген баланың алимент алу құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері 50 акт қаралып, мемлекет кірісіне жалпы 323,9 млн теңге өндірілген. Заң талаптарын бұзғаны үшін 58 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал сот шешімдерін орындаудан жалтарған 41 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қылмыстық шара да қолданылып жатыр. Биыл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 23 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған, оның ішінде төрт борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, облыс тұрғыны үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемей, 2,7 млн теңге қарыз жинаған.
Сот оны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленіп, жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім шығарылды.