«Әділет» партиясы Қазақстанның төрт өңірінде тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Абай облыстарында партия өкілдері халықпен ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылым, бизнесті қолдау, жұмыспен қамту және қалалық ортаның сапасын арттыру мәселелерін талқылады

Фото: партияның баспасөз қызметі

Сайлауалды науқан аясында «Әділет» партиясының өкілдері Қазақстанның төрт өңірінде тұрғындармен, кәсіпкерлермен және қоғамдық орта өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында жергілікті жерлердегі өзекті мәселелер талқыланып, партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысы: Бәйдібек тұрғындары ауыл инфрақұрылымындағы мәселелерді көтерді

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барды. Үгіт-насихат жұмыстары аясында Тұрақты ауылының тұрғындарымен кездесіп, ашық пікір алмасты.

Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев пен Нұрсадық Ергешбек, сондай-ақ штаб мүшелері Қалыйма Жантөреева, Серік Шалхарұлы және Ләззат Асанова қатысты.

Жиынды «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева жүргізді. Ол партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары мен нақты мақсаттарын таныстырды.

«Ауыл шаруашылығын дамыту дегеніміз – жай ғана өндіріс көлемін арттыру емес. Бұл – ауылдағы әр отбасының тұрмысын жақсарту, шаруаға тұрақты табыс әкелу, оның еңбегін бағалау деген сөз. Біз «Әділет» партиясы ретінде халықтың осындай нақты мәселелерін назардан тыс қалдырмаймыз. Алда еліміз үшін маңызды саяси кезең – Құрылтай сайлауы тұр. «Әділет» партиясы осы науқанға елдің нақты мәселелерін көтеріп, халықпен ашық диалог орнату мақсатында қатысып отыр. Біз халыққа құр уәде беруге емес, нақты мәселелерді нақты шешімдермен байланыстыруға ұмтыламыз. Сондықтан бүгін біз сіздерге дайын жауап айту үшін емес, сіздердің пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік. Өйткені ауылдың шынайы мәселесін ауылда тұрмайтын адам толық біле алмайды. Біз елдің болашағын тек ірі қалалардан іздемеуіміз керек. Қазақстанның болашағы – осындай ауылдарда», – деді Нұрлан Әлішерұлы.

Штаб өкілдері «Әділет» партиясының уақыт талабына сай жаңғыруды мақсат еткен жаңа буынның саяси күші екенін атап өтті.

Сондай-ақ қатысушыларға салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамыту партияның мемлекеттік саясаттағы басым бағыттарының бірі екені түсіндірілді.

Партияның алдағы бес жылға арналған даму жоспары еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына бағытталған жеті стратегиялық басымдыққа негізделген.

Бағдарламада әр отбасыға қолжетімді әрі жайлы тұрғын үй жағдайын жасау, халықтың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа жеткізу, лайықты еңбекақысы бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру, орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін ұлғайту, ауылдық жерде тұратын 1 миллион азаматтың табысын арттыру, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету, сондай-ақ кемінде 5 миллион азаматты жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға үйрету секілді нақты мақсат-міндеттер қамтылған.

Кездесу барысында тұрғындар Қаратас пен Теректі арасындағы жолдың жағдайына қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ ауыл ақсақалы сөз сөйлеп, партияның бастамаларына қолдау білдірді.

Жамбыл облысы: Тараз тұрғындары инфрақұрылым, балабақша және спорт алаңына қатысты ұсыныстарын айтты

«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы Тараз қаласының Байтерек шағынауданының тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді. Қоғамдық қабылдауға шамамен 250 тұрғын қатысып, өз сауалдары мен ұсыныстарын Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариеваға және облыстық штаб мүшелеріне тікелей жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар шағынауданның тұрмыстық және әлеуметтік инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, қоқыс шығару және тазалықты сақтау, спорт алаңын жаңарту, сондай-ақ шағынауданға жақын орналасқан балабақшалардағы орын тапшылығы талқыланды.

Тұрғындар спорт алаңы балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды орын екенін айтып, оны жаңартып, заманауи талаптарға сәйкестендіруді ұсынды. Ал балабақшадағы орын тапшылығы жас отбасылар үшін өзекті мәселелердің бірі ретінде айтылды.

Кездесу барысында тұрғындар бар проблемаларды ғана айтып қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын да ұсынды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева тұрғындармен тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтіп, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді елеусіз қалдыруға болмайтынын айтты.

«Саясаттың нақты нәтижесі үлкен мінберлерден айтылған сөздермен емес, адамның күнделікті өміріндегі өзгерістермен өлшенеді. Бүгін тұрғындар қоқыс шығару, спорт алаңы, балабақшадағы орын тапшылығы туралы айтты. Бір қарағанда, бұл әртүрлі мәселелер. Бірақ олардың негізінде ортақ бір міндет тұр – адамдарға жайлы өмір сүру жағдайын жасау. Біздің жұмысымыз азаматтардың нақты сұраныстарынан басталады», – деді Шолпан Кариева.

Оның айтуынша, тұрғындармен мұндай тікелей диалог партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді өңірдің нақты қажеттіліктерімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тұрғындар өз өтініштері мен ұсыныстарын жазбаша түрде де қалдыра алды. Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша арнайы жәшікке шамамен 50 өтініш пен ұсыныс жиналды.

Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындар көтерген мәселелер қалалық жайлы ортаны қалыптастыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, балалар мен жастарға жағдай жасау және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының бағыттарымен тікелей байланысты.

Партия мәліметінше, соңғы екі аптада Жамбыл облысында 870-тен астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізіліп, оларға шамамен 220 мың тұрғын қамтылған.

Қызылорда облысы: «Қорқыт» базарында кәсіпкерлер мен халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Қызылорда қаласындағы «Қорқыт» базарында «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының өкілдері Дәулет Избасарұлы, Алтын Ескараева және Жанат Қожарипова қала тұрғындары және сатушылармен кездесті.

Кездесу барысында азаматтардың ұсыныстары мен тілектері тыңдалып, бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін мәселелер, халықтың табысы және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелерінің болуы, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнесті дамыту мүмкіндіктерінің қолжетімді болуы маңызды. Бұл мәселелер «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.

Бағдарламада 2031 жылға дейін әлеуметтік кепілдіктері бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру мақсаты қойылған. Сонымен қатар экономикадағы орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін жеткізу, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту және қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру ұсынылған.

Облыстық сайлауалды штаб мүшесі Гүлнар Ескалиева кәсіпкерлермен сөйлесіп, партия бағдарламасының негізгі ережелерін таныстырды.

«Біз мұнда дайын шешімдер туралы айтып беру үшін ғана емес, ең алдымен кәсіпкерлердің өздерін тыңдау үшін келдік. Саудамен айналысып, өз ісін дамытып жүрген әр адам өз отбасының әл-ауқатына үлес қосып қана қоймай, өзгелерге де мүмкіндік қалыптастырады. Сондықтан кәсіпкер артық кедергілерсіз жұмыс істеп, өз ісін дамытуы үшін жағдай жасау маңызды. «Әділет» партиясының бағдарламасында бұл міндеттер нақты көрсеткіштермен белгіленген. 2031 жылға дейін 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру және экономикадағы орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін арттыру – нақты әрі өлшенетін мақсаттар», – деді Гүлнар Ескалиева.

Кездесу барысында тұрғындар мен кәсіпкерлерге партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері таныстырылып, үгіт материалдары таратылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Абай облысы: Семей кәсіпкерлері бизнесті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді ашық айтты

Семей қаласында кәсіпкерлер мен тұрғындар күнделікті жұмыста кездесетін мәселелері туралы айтып, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Сауда орталығы «Океан» базасында өткен кездесуді «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабы ұйымдастырды.

Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидат Шалқар Байбеков, штаб мүшесі Эльмира Жүрсінбекқызы, сауда және шағын бизнес өкілдері, қала тұрғындары мен партия белсенділері қатысты.

Қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, адал бәсекелестікті дамыту және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту мәселелерін талқылады.

Шалқар Байбеков кәсіпкерлікті қолдау тек бизнесті дамытуға ғана емес, тұтас қаланың экономикалық тұрақтылығына да ықпал ететінін атап өтті.

«Әділет» партиясы кәсіпкерге артық кедергілер емес, түсінікті ережелер мен өз ісін жүргізуге және дамытуға тең мүмкіндіктер қажет деп санайды. Адам өз ісін ашып, еңбегімен табыс тапқан кезде, ол тек өз отбасына ғана емес, қалаға да құндылық қалыптастырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, қызмет түрлерінің таңдауы кеңейеді, жергілікті экономика дамиды. Сондықтан біздің міндетіміз – кәсіпкер өз уақытын әкімшілік кедергілерді еңсеруге емес, өз ісіне көбірек жұмсай алатын жағдай жасау», – деді кандидат.

Өз кезегінде Эльмира Жүрсінбекқызы тұрғындар мен кәсіпкерлердің күнделікті тәжірибесінен туындайтын ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ашық диалог жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді жақсы түсінуге және оларды алдағы жұмыста ескеруге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында сауда орталығының қызметкерлері мен келушілер кәсіпкерлікке ғана емес, әлеуметтік мәселелерге де қатысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын айтты.

Барлық пікірлер мен ұсыныстар партияның өңірдегі алдағы жұмысында ескерілетін болады.