Respublica атыраулық мамандармен кәсіпкерлікті дамыту және еңбек адамдарын қолдау мәселелерін талқылады
Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды
Respublica партиясының сайлауалды штаб мүшелері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Бекжан Айтқұлов, Маханбет Амангелді, Жалынбек Жайнарбай және Нұргүл Тау «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Атырау филиалында болып, кәсіпорын жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кандидат Тахмина Нағұманова Атырау мұнайлы өңір болғанымен, мұнда шағын және орта кәсіпорындардың да көп екенін атап өтті.
«Ең бастысы – жоғары ақы төленетін салаларда жұмыс істемейтін адамдардың да әл-ауқатын қамтамасыз ету. Respublica әрбір кәсіпкердің, әрбір еңбек адамының мүддесін қорғайды», – деді ол.
Кандидаттар сондай-ақ партия фракциясының Парламенттегі нақты нәтижелері туралы айтты. Вейптерге тыйым салу, құмар ойындардың таралуын шектеу, шағын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, әскери қызметкерлерге ҰБТ тапсырмай-ақ гранттар беруді енгізу, сондай-ақ Құрылыс кодексінде аз мобильді топтар үшін кедергісіз орта нормаларын бекіту.