ЖСДП Қонаев тұрғындарымен кездесті

Жиында тұрғындар «Ұзақ өмір сүру орталығына» ғимарат қажет екенін жеткізді

ЖСДП Қонаев тұрғындарымен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП өкілдері Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесіп, қаладағы әлеуметтік мәселелерді талқылады. Кездесуге зейнеткерлер мен белсенді азаматтар қатысып, өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында тұрғындар зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және аға буынға арналған орталықтардың жұмысына қатысты мәселелерді көтерді.

Солардың бірі – қаладағы «Ұзақ өмір сүру орталығына» жеке ғимараттың болмауы. Бүгінде орталыққа шамамен 250 зейнеткер барып, түрлі сабақтар мен жаттығуларға, мәдени және әлеуметтік іс-шараларға қатысады. Алайда орталықтың тұрақты ғимараты болмағандықтан, оның жұмысын ұйымдастыру, әсіресе күз-қыс айларында, қиындық туғызады. Кездесуге қатысушылар орталыққа жеке ғимарат салу немесе тұрақты пайдалануға қолайлы орын бөлу қажет екенін айтты.

«Біздің орталыққа қазір шамамен 250 зейнеткер келеді. Мұнда адамдар сабақтарға қатысып, жаттығу жасап, бір-бірімен араласып, түрлі шараларға қатысады. Жазда іс-шараларды далада өткізуге мүмкіндік болғанымен, қыста бұл қиын. Сондықтан зейнеткерлер тұрақты түрде жиналып, өздеріне қажетті жұмыстармен айналыса алатын жеке ғимарат болса деген ұсынысымыз бар», – деді кездесу қатысушыларының бірі.

Жиын соңында тұрғындар өз ұсыныстарын ортаға салып, аға буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасауға қатысты пікірлерін білдірді. ЖСДП өкілдері кездесуде көтерілген мәселелерді назарға алып, тұрғындармен ашық диалогтың маңызын атап өтті.